Түркістан облысының ауыл шаруашылығына 1 млрд текше метрден астам су берілді
Түркістан облысының Жетісай ауданындағы шаруалар жаз мезгілі шықпай жатып-ақ биылғы алғашқы қарбыз өнімін жинауға кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, аудандағы шаруалар егістік алқаптарын К-30 каналы арқылы келетін сумен қамтамасыз етіп отыр.
«Биыл 10 гектар жерге қарбыз ектік. Қазір алғашқы өнімді жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Су мәселесі болған жоқ. Бұл үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризашылығымызды білдіреміз», – деді шаруа Шакирбой Раджапов.
Белгілі болғандай, жыл басынан бері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 миллиард текше метрден астам су берілді. Оның 307 миллион текше метрі Жетісай ауданына тиесілі.
Ведомство дерегіне сүйенсек, аудан бойынша бақша дақылдарын суаруға 53,8 миллион текше метр су жіберілген. Қазіргі уақытта Жетісай ауданында бақша өнімдерін, көкөніс пен жоңышқа алқаптарын суару жұмыстары жалғасып жатыр.