3000-нан аса доза өндірген: Алматы облысында ірі есірткі зертханасы табылды (ВИДЕО)

Сараптама қорытындысына сәйкес, «мефедрон» психотроптық затының аналогы екені анықталды

3000-нан аса доза өндірген: Алматы облысында ірі есірткі зертханасы табылды (ВИДЕО)
Фото: Ақорда

Алматы облысының Қарасай ауданында ірі жасырын есірткі зертханасы табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары синтетикалық есірткі дайындауға арналған құпия зертхананың орналасқан жерін анықтап, заңсыз өндіріске қатысы бар күдіктіні тапты.

«Тыйым салынған заттарды заңсыз өндіруді ұйымдастырды деген күдікпен 32 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту барысында полицейлер синтетикалық есірткі дайындауға пайдаланылған көптеген құрал-жабдықтар мен химиялық заттарды тәркіледі. Атап айтқанда, әртүрлі көлемдегі канистрлер, химиялық қалдықтары бар ыдыстар, респиратор сүзгілері, вакуум құрылғылары, электронды таразылар, химиялық сұйықтықтар сақталған пластик ыдыстар, есірткі құрамын араластыруға арналған құрылғылар және дайын өнім табылған», – делінген ПД хабарламасында.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 217,59 грамм болатын «мефедрон» психотроптық затының аналогы екені анықталды.

«Полицияның мәліметінше, дер кезінде жүргізілген арнайы операция нәтижесінде заңсыз айналымға түсуі мүмкін үш мыңнан астам бір реттік доза тәркіленді. Бұл қауіпті синтетикалық есірткінің жастар арасына таралуына және жасөспірімдердің есірткі тұтыну мен заңсыз саудаға тартылуына жол бермеуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер есірткіні өткізу арналары мен заңсыз өндірісті ұйымдастыруға және оны үйлестіруге қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтап жатыр», – дейді ПД.