Көктемде тасқын сумен күресеміз, ал жазда қуаңшылықтан зардап шегеміз – депутат

Автор: Аягөз Құрмаш

Суды жинап пайдалануды әлі меңгере алмай отырмыз, дейді депутат

Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы су ресурстары мәселесін ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі стратегиялық проблема ретінде көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Депутаттың айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін бірнеше рет атап өткен.

«Бұл – жай экологиялық мәселе емес. Бұл ауыл шаруашылығының, азық-түлік қауіпсіздігінің, энергетиканың және тұтас өңірлердің болашағына әсер ететін аса маңызды фактор», – деді депутат.

Сауалда қазіргі су балансына қатысты бірқатар өзекті мәселе көрсетілген.

«Біз көктем сайын миллиардтаған текше метр тасқын сумен күресеміз, ал жазда қуаңшылықтан зардап шегеміз. Ең басты мәселе – сол суды әлі күнге дейін тиімді жинап, сақтап, пайдалана алмай отырмыз», – делінген құжатта.

Депутаттың дерегінше, су инфрақұрылымындағы шығындар өте жоғары деңгейде.

«Кейбір су арналары мен каналдарда судың 50-60 пайызы далаға кетеді. Тек Есіл өзенінің өзінен жыл сайын 4-5 миллиард текше метр тасқын су босқа ағып кетеді», – деп көрсетілген.

Сондай-ақ сауалда өңірлік су қауіпсіздігіне әсер ететін сыртқы факторлар да айтылған.

«Ауғанстандағы Қош-Тепа каналының салынуы Сырдария бассейніне келетін су көлемін азайтып, Орталық Азиядағы су балансына әсер етуі мүмкін», – дейді депутат.

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты ірі инфрақұрылымдық жобаны мемлекеттік деңгейде қарастыруды ұсынды.

«Ертіс – Қаныш Сәтбаев каналы – Есіл – Торғай – Арал теңізі» бағыты бойынша су тасымалдау жобасын мемлекеттік деңгейде қарастыру қажет деп санаймын», – деді Берік Бейсенғалиев.

Депутаттың пікірінше, жоба бірнеше стратегиялық нәтиже беруі мүмкін:

«Бұл жоба тасқын суларды жинауға, лимандық суаруды дамытуға, мал шаруашылығын күшейтуге, жаңа кен орындарын сумен қамтамасыз етуге, балық шаруашылығын дамытуға және Солтүстік Аралдың экологиялық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді», – делінген сауалда.

Соңында депутат Үкіметтен жобаны кешенді түрде зерттеуді сұрады:

«Жобаның техникалық, экономикалық және экологиялық негіздемесін әзірлеу, суармалы жер көлемін ұлғайту әлеуетін бағалау және оны стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар қатарына енгізу мәселесін қарастыру қажет», – деп түйіндеді ол.