ШҚО-да цемент таситын жүк көлігі аударылып, бір адам ауруханаға жеткізілді

Автор: Дәулет Ботагөз

Жүк көлігінің аударылуы салдарынан оның жүргізушісі бірнеше тонналық көліктің кабинасында қысылып қалған

Фото: © istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен – Алтай – Рахман қайнарлары» тас жолында жол апаты болды. Ауыр жүк көлігінің аударылуы салдарынан оның жүргізушісі бірнеше тонналық көліктің кабинасында қысылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігі мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары шұғыл жетті. Құтқарушылар зардап шеккен азаматты шығару үшін арнайы техникаларды қолданды.

Кабина ішінде қысылып, қозғала алмай қалған 39 жастағы жүргізушіге алғашқы медициналық көмекті Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері көрсетті. Құтқарушылардың жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында ер адам цемент тасушы көліктің темір құрсауынан сәтті шығарылды.

«Зардап шеккен азамат кабинадан қауіпсіз жерге көшірілгеннен кейін, бірден жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жүк көлігінің аударылу себептерін анықтап жатыр.