Салтанатты жиында түлектерге сыйлап жатқан құшақ-құшақ гүл мен қымбат сыйлық желіде қызу талқыланып жатыр
Биыл соңғы қоңырау мерекесінде тағы бір үрдіс белең алған. Әлеуметтік желілерде ата-аналардың оқушыларға құшақ-құшақ гүл, қымбат сыйлық, тіпті көлік тарту етіп жатқан видеолары көбейді. Кей түлектерге арнайы мобилограф жалдап, салтанатты күннен тұтас контент түсірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желі қолданушылары мұны «баланы қуанту» емес, ата-аналар арасындағы бәсекеге ұқсатқандарын айтады. Әсіресе қарапайым гүлмен келген немесе ешқандай тосынсый алмаған балалардың көңілі түсіп жатқанын жазған.
«Қайын сіңілім биыл 11-сынып бітіреді. Соңғы қоңырауға көйлегін тіктіріп, макияжы мен шаш үлгісіне дейін аға-жеңгесі болып бәрін төлеп бердік. Енді маған «әке-шешем 101 раушан әкеледі, сендер 101 пион алып келіңдер. Тағы макияждан бастап кешке дейін түсіретін мобилограф жалдап беріңдер. Үстіне қымбат сыйлық күтем» деп отыр», – дейді желі қолданушысы.
Тағы бір ата-ана мектептегі жағдайдың жарысқа айналып бара жатқанын айтады.
«Соңғы қоңырауда бәрі бір-бірімен бәсекелесіп жүргендей көрінді. Ата-аналар балаларына жаппай үлкен гүл шоқтарын әкеліп жатыр. Ал құшақ гүлсіз тұрғандар – мұғалімдер ғана», – дейді ол.
Әлеуметтік желіде кей түлектердің қымбат сыйлық күтетінін сынаған пікірлер де көбейді.
«Соңғы қоңырауға қымбат гүл сыйлау дегенді кім шығарды? Гарвардты үздік бітірген адам да бұлай шалқаймайтын шығар», – деп жазды желі қолданушысының бірі.
Ал кей оқушылар керісінше, өздерін қатарластарымен салыстырып, көңілдерінің түскенін жасырмаған.
«Бүгін соңғы қоңырауым ойымдағыдай өтпеді. Көйлек те көңіліме қонбады, өзімді өзім бояндырдым. Ешкім үлкен букетпен келген жоқ. Қасымдағы қыздарға 50-100 тал раушан, пион әкеліп жатты. Менікі олардың қасында кішкентай букет қана болып өалды. Соған қатты жыладым», – деп жазды түлектердің бірі.
Осы мәселеге байланысты редакция ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдап, ресми органның осы үрдіске қатысты көзқарасын сұрады.