Кездесуде жастар саясаты, еріктілік, қоғамдық белсенділік пен өзін-өзі дамыту мәселелері талқыланып, студенттер ашық пікір алмасты
Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында «BIR TOLQYNDA» аясында студент жастармен ашық кездесу ұйымдастырылды. Еркін форматта өткен кездесуге 400-ден астам жас қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуді «AMANAT» партиясының жастар қанаты ұйымдастырды. Іс-шараға «Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитов, Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Нарқозы Қартжан, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Видади Фарзалиев, «Сөйле» тілдесу клубының тренері Аида Кадын, облыстық мәслихат депутаттары, белсенді жастар, волонтерлік ұйым жетекшілері және жоғары әрі техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.
Кездесу барысында жастар саясаты, қоғамдық қызмет, еріктілік, өзін-өзі дамыту және өңірлік бастамалар тақырыптары кеңінен талқыланды. Қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты. Ашық форматтағы алаң жастардың еркін ой бөлісуіне мүмкіндік берді.
Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Видади Фарзалиев мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталды.
«AMANAT» партиясы қоғамның түрлі саласын қамтып, осындай алаңдар арқылы жастардың ұсыныстары мен пікірлеріне ерекше мән беріп келеді. Біз әрдайым жастар бастамаларын қолдауға дайынбыз. Мұндай кездесулер жастарға ашық сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік береді. BIR TOLQYNDA - жастар үнін еститін, өзара байланыс орнататын маңызды жоба», – деді ол.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Әлішер Тыныштық өңір жастарының мұндай бастамаларға қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
«Ақтөбе жастары қоғамдық қызметке, әлеуметтік жобалар мен жастар саясатына белсенді араласып келеді. Бүгінгі кездесу де мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, түрлі ұсыныстарын ортаға салды. Осындай формат жастар мен қоғам арасындағы байланысты күшейтеді Сондай-ақ бүгінгі кездесу аясында «Цифрлық волонтерлік» жобасы таныстырылып, «Жастар Рухы» белсенділерімен арнайы кездесу жоспарланған», – деді Әлішер Тыныштық.
Кездесуге қатысқан студент жастар да шараның ерекше форматта өткенін атап өтті. Солардың бірі Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Азамат Каменов.
«Қоғамдық өмірге белсенді араласу мен үшін әрдайым қызық. Осындай кездесулер жаңа орта мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әртүрлі оқу орындарынан келген жастармен танысып, пікір алмасқанымыз ерекше әсер қалдырды», – деді ол.
Ақтөбе жастары бүгінде қоғамдық өмірге белсенді араласып, түрлі әлеуметтік және еріктілік бастамалардың алдыңғы қатарынан көрініп келеді. «BIR TOLQYNDA» секілді кездесулер жастардың пікірін тыңдап қана қоймай, олардың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналуда.
Айта кетейік, «BIR TOLQYNDA» еліміздің басқа өңірлерінде де қатар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында жастармен ашық диалог алаңдары өтті. Жоба алдағы уақытта өзге өңірлерде жалғасып, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды біріктіре бермек.