«Денсаулыққа қауіпті су ішуге мәжбүр»: Жезқазғанда кәріз жүйесінің 74 пайызы тозған, лас заттар өзенге ағып жатыр

Автор: Асыл Арман

Ұлытау облысында жүздеген мың тұрғын жоғары деңгейде ластанған су ішіп отыр

Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды Ұлытау облысындағы су нысандарының жағдайы мен ауыз су сапасына қатысты мәселе көтеріп, премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте экология мәселесі таза ауа, сапалы су, бүлінбеген топырақ және ұрпақ келешегімен тікелей байланысты екенін атап өткен. Президент қауіпсіз су ұғымын адам денсаулығына әсер ететін негізгі фактор ретінде қарастыруды тапсырған.

«Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – ең алдымен таза ауа мен сапалы су, бүлінбеген топырақ және ұрпақтың келешегі» деген болатын. Президент қауіпсіз су ұғымын адам денсаулығына тікелей әсер ететін фактор ретінде қарастыруды тапсырды. Алайда, бүгінгі таңда Ұлытау облысындағы су нысандарының жағдайы мемлекет басшысы белгілеген осы стратегиялық талаптарға мүлдем сәйкес келмей отыр», – деді депутат.

Ол өңірдегі ауыз судың сапасы денсаулыққа қауіп төндіретін деңгейде екенін айтты. Депутаттың сөзінше, ресми мәліметтер бойынша Қара-Кеңгір өзені мен Кеңгір су қоймасы жоғары деңгейде ластанған су нысандарына жатады.

«Біріншіден, Ұлытау облысындағы ауыз судың сапасы сын көтермейді әрі денсаулыққа қауіпті. Ресми мәліметтерге сәйкес, Ұлытау облысындағы Қара-Кеңгір өзені мен Кеңгір су қоймасы жоғары деңгейде ластанған (6-сынып) су нысандарына жатады. Алайда, жер асты суларының тапшылығынан Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының 200 мыңға жуық тұрғыны осы суды ішуге мәжбүр», – деді ол.

Депутат инфрақұрылымның тозуы мен тоқтап тұрған жобалар мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Жезқазған қаласындағы кәріз тазарту нысандарының тозу деңгейі 74%-ға жеткен.

«Екіншіден, инфрақұрылымның тозуы және тоқтап тұрған жобалар. Жезқазған қаласындағы кәріз тазарту нысандарының тозу деңгейі 74%-ға жеткен. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған бұл нысан, зиянды заттардың шекті мөлшерден асып кетуі мен Кеңгір, Сарысу өзендерінің ластануына тікелей әсер етіп отыр. 2024 жылы комитеттің көшпелі отырысында қабылданған «Жезқазған, Сәтбаев қалаларында кәріз тазарту нысандарын салу және реконструкциялау жөніндегі жол картасын әзірлеп, бекіту» бойынша қабылданған шешімді жүзеге асыру шаралары аяқсыз қалып отыр», – деді депутат.

Ол Жезқазған қаласының ауыз су тазарту нысандарын реконструкциялау жұмысы да мардымсыз жүріп жатқанын жеткізді. Жобаның жалпы құны 16,1 млрд теңге болғанымен, 2025 жылдың ортасынан бастап құрылыс іс жүзінде тоқтап тұрғанын айтты.

«Жезқазған қаласының ауыз су тазарту нысандарын реконструкциялау бойынша жағдай да мардымсыз. Жобаның жалпы құны – 16,1 млрд теңге. Бүгінгі таңда 9,2 млрд теңге игерілген. Алайда, 2025 жылдың ортасынан бастап құрылыс жұмыстары іс жүзінде тоқтап тұр. Оның үстіне 3-кезек реконструкциясы коллекторды кеңейту мен іргетастарды демонтаждау жұмысы түрінде ғана жүріп жатыр», – деді ол.

Депутат қолданыстағы тұжырымдамада су нысандарын санациялау шаралары жеткіліксіз екенін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы құзыреттердің бөлінуі судың сапасына кешенді жауапкершіліктің болмауына әкелгенін жеткізді.

«Қазіргі «Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында» су нысандарын санациялау шаралары жеткіліксіз. Мемлекеттік органдар арасындағы құзыреттердің бөлінуі судың сапасына кешенді жауапкершіліктің болмауына әкеп соқты», - деді депутат.

Осыған байланысты Ерболат Сатыбалды Үкіметке нақты ұсыныстар жолдады. Оның айтуынша, аталған мәселелерді шешу халық денсаулығы мен өңірдің экологиялық қауіпсіздігі үшін кезек күттірмейтін міндет.

Депутат сөзін жалғай отырып, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып және саммитте қабылданған басымдықтарды негізге ала отырып, мынандай ұсыныстарын жеткізді:

  1. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне: Жезқазған қаласындағы ауыз су тазарту нысандарының құрылысын аяқтауды жеке бақылауға алып, бөлінген бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету;
  2. Жезқазған-Сәтбаев қалаларындағы кәріз-тазарту жүйесін толық жаңғырту бойынша нақты жоспар мен қаржыландыру көздерін анықтау;
  3. Су ресурстары және ирригация министрлігіне: бассейндік жоспарларға су нысандарын санациялау және халық көп жиналатын рекреациялық аймақтардың (көлдер мен өзендер) су сапасын жақсарту шараларын енгізу;
  4. Қаржыландыру мәселесінде: аталған жобаларды іске асыруда тек бюджетке иек артпай, саммитте айтылған халықаралық қаржылық инструменттер мен экологиялық қорлардың мүмкіндіктерін қарастыру.

«Президентіміз айтқандай: «Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң». Халқымыздың денсаулығы мен аймақтың экологиялық қауіпсіздігі үшін бұл мәселелерді шешу – кезек күттірмейтін міндет. Жауабыңызды заңда белгіленген мерзімде күтеміз», – деп түйіндеді депутат.