Депутаттың айтуынша, бұл мыңдаған жұмыс орны мен жаңа салық түсімдерінен қағылуға әкелуі мүмкін
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа Қазақстанда индустриялық-логистикалық хабтарды дамыту және транзиттік әлеуетті арттыру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабына және толыққанды көлік-логистикалық державаға айналдыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен. Бүгінде елімізде Транскаспий бағыты дамып, темір жол, автомобиль, теңіз және авиация дәліздері жаңғыртылып жатыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауларында Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабына және толыққанды көлік-логистикалық державаға айналдыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен. Бүгінгі таңда Қазақстан транзит көлемін арттыруда: Транскаспий бағдары дамуда, темір жол, автомобиль, теңіз және авиация дәліздері жаңғыртылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша транзит көлемі 36,9 млн тоннаға жеткен. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық транзит саласында айтарлықтай өсу әлеуеті бар», – деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық тасымалдаудан түсетін табыстың елеулі бөлігін жоғалтып отыр. Сондықтан еліміз халықаралық транзит үшін жай ғана «дәліз» болып қалмауы тиіс.
«Қазіргі уақытта біз жаһандық тасымалдаудан миллиардтаған доллар жоғалтып жатырмыз. Біздің еліміз халықаралық транзит үшін жай ғана «дәліз» болып қалдыруға болмайды. Біздің стратегиялық міндет – «дәлізге өндіріс, цифрлық сервистер және экспортты қосып» қосымша құнды қалыптастыру моделіне көшу болу керек. Бұл тәсіл еліміздің табысын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Депутат іске асырылып жатқан бастамалардың бірыңғай экожүйеге біріктірілмегенін атап өтті. Оның сөзінше, Smart Cargo, логистикалық паспорт, инфрақұрылымның цифрлық көшірмесі және қағазсыз құжат айналымы секілді жобалар әртүрлі бағытта дамып келеді.
«Іске асырылып жатқан бастамалар мысалы Smart Cargo, логистикалық паспорт, инфрақұрылымның цифрлық көшірмесі, қағазсыз құжат айналымы бәру әралуан сипатқа ие және бірыңғай индустриялық-логистикалық экожүйені қалыптастырмайды. Халықаралық тәжірибе бәсекеге қабілеттілік транзитпен емес, оның айналасындағы қосылған құнды қалыптастырумен қамтамасыз етілетінін растап отыр. Мысалы, Джебель-Али порты (БАӘ), Туас порты (Сингапур) және Дуйсбург порты (Германия) индустриялық-логистикалық экожүйе ретінде жұмыс істейді, мұнда жүктерді өңдеу, жинау, қаптау, таңбалау, сертификаттау, олардың сервисі мен кері экспорты жүзеге асырылады», – деді депутат.
Ол цифрлық ашықтық мәселесіне де назар аударды. Депутаттың айтуынша, кәсіпкерлердің жолдағы жүктің қай жерде екенін көруге толық қолжетімділігі жоқ.
«Цифрлық ашықтыққа да ерекше назар аудару қажет: кәсіпкерлердің жолдағы жүктердің қай жерде екенін көруге толық қолжетімділігі жоқ, ал басқа секторларда мысалы, пошта жөнелтілімдері мұндай мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ төлемдерді алдын ала цифрлық есептеу моделіне көшіру ұсынылады, мұнда кәсіпкер жүк келгенге дейін оның толық құнын – салықты, бажды, алымды, логистикалық шығыстарды төлейді, және ресімдеу мерзімдері мен ықтимал тәуекелдерді көреді», – деді ол.
Депутат қазіргі құралдардың бытыраңқы дамып жатқанын айтып, мұндай тәсіл сақталса, Қазақстан транзиттік мемлекет ретінде ғана қалып қою қаупі бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл мыңдаған жұмыс орны мен жаңа салық түсімдерінен қағылуға әкелуі мүмкін.
«Сонымен қатар қазыр бар құралдар – Еркін экономикалық аймақ, индустриялық аймақтар, көлік дәліздері мен цифрлық шешімдер қайтадан бытыраңқы дамып, индустриялық-логистикалық хабтардың бірыңғай моделіне біріктірілмегенін атап өткен жөн. Қолданылып жүрген тәсілдер сақталса, қосымша құн қалыптастырылмай транзиттік қана мемлекет болып қалып, өнеркәсіптік өсім мен экспорт әлеуетінен қапы қалу тәуекелі сақталады. Басқаша айтқанда, бұл транзит арқылы құрылуы мүмкін мыңдаған жұмыс орындар. Бұл жаңа салықтар, жаңа құзыреттер. Халықаралық транзитті дамытуға, жолдарға, инфрақұрылымға бөлінетін миллиардтаған бюджет қаражаты еліміздің игілігі үшін толық көлемде жұмыс істеуге тиіс», – деді депутат.
Осыған байланысты Әбутәліп Мүтәлі Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Ол индустриялық-логистикалық хабтарды дамытудың арнайы режимін енгізіп, цифрлық интеграцияны күшейту қажет екенін айтты.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар сауал жолдады:
«Аталған шараларды іске асыру транзиттік модельден көлік-логистикалық салада қосылған құн экономикасын қалыптастыруға көшуге мүмкіндік береді. Қабылданған шаралар туралы заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша түрде ақпарат беруіңізді сұраймын», – деп түйіндеді депутат.