Вице-президент, Құрылтай төрағасы және премьер: президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда оның міндеті кімге жүктеледі

Автор: Аягөз Құрмаш

Президенттің қызметін уақытша үш лауазымдағы тұлға атақара алады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым егер президент қызметінен кететін болса, ол өз өкілеттігін тоқтатады, ал мемлекет басшылығының міндетін уақытша атқару тәртібі қолданылатынын айтты. Бұл жағдай алдын ала заңмен реттелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Егер президент денсаулығына байланысты қайтыс болса немесе өз міндетін атқара алмаса, онда кезектен тыс президент сайлауы өтеді.  Бұл ретте елімізде нақты тәртіп бар. Біріншіден, президент өз міндетін атқара алмаған жағдайда оның орнына үш тұлға уақытша міндетін атқарушы бола алады: бұл вице-президент, құрылтай төрағасы және үкімет басшысы», – дейді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, егер президент «мен бұл қызметті атқара алмаймын» десе, вице-президенттен бастап осы лауазымды атқара алатын тұлғалардың кандидаурасы кезекпен қаралады.

«Егер ол да бас тартса, онда құрылтай төрағасына ұсынылады. Ол келіспесе, үкімет басшысына беріледі. Осы үш тұлғаның біреуі уақытша президент міндетін атқарушы болып тағайындалады. Бұл мәртебе ұзақ мерзімді емес, тек өтпелі кезеңге арналған. Егер бұл вице-президент немесе басқа лауазымды тұлға болса, онда 7 күннің ішінде рәсімдер толық аяқталуы тиіс. Осы мерзім өткеннен кейін ол бұрынғы қызметінен кетеді. Одан кейін 2 ай ішінде міндетті түрде жаңа президент сайлауы өтуі керек. Яғни бұл тұлға тек сайлау процесінің заңды, әділ және тұрақты өтуін қамтамасыз етеді. Ол шешім қабылдайтын толық президент емес, тек мемлекеттік биліктің үздіксіздігін қамтамасыз ететін уақытша тұлға болып саналады. Преференция бар ма деген сұраққа келсек,  нақты артықшылық жоқ, тек кезек бар», – дейді Сарым.

Депутаттың айтуынша, тіпті ең күрделі жағдайларда да формалды және бейресми консультациялар өте береді.

«Егер алғашқы екі тұлға бас тартса, шешім Парламент деңгейінде қаралады. Барлық рәсімдер 7 күн ішінде аяқталуы тиіс, содан кейін міндетті түрде президент сайлауы туралы жарлық шығады. Уақытша міндетін атқарушы да сайлау туралы шешімді рәсімдейді», –  дейді Сарым.