«Үш ай ішінде қорытынды беруге міндетті»: Құрылтай депутаттарының құзыреті қалай өзгереді

Автор: Аягөз Құрмаш

Депутаттардың заң шығару бастамасын жүзеге асыру процесі жеңілдетіледі

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым заң шығару процесін жетілдіру аясында депутаттардың жұмысын жеңілдетуге және олардың мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған бірқатар жаңа тетік қарастырылып жатқанын айтты. Парламент бүгін мақұлдаған Құрылтай және оның депутаттарына қатысты конституциялық заңда қандай талаптар бар екенін Айдос Сарым тарқатып жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Негізгі жаңашылдықтардың бірі – үкімет пен депутаттар арасындағы өзара іс-қимылды нақты мерзімдермен реттеу. Бұған дейін бюджеттік шығындарды талап ететін заң жобалары бойынша үкіметтің қорытынды беру мерзімі нақты белгіленбеген болса, жаңа тәртіпке сәйкес ол үш аймен шектеледі. Егер белгіленген мерзім сақталмаса, тиісті құқықтық салдар қарастырылуы мүмкін. Сонымен қатар депутаттардың заң шығару бастамасын жүзеге асыру процесін жеңілдететін, олардың үкіметпен және жергілікті атқарушы органдармен байланысын жүйелейтін нормалар енгізіліп отыр. Бұл әсіресе, әкімдермен жұмыс істеу, мемлекеттік органдардан ақпарат алу және заң жобаларын талқылау кезінде маңызды рөл атқарады», – деді Айдос Сарым.

Депутат Құрылтай институты енгізілген жағдайда, алғашқы қабылданатын негізгі құжаттардың бірі регламент екенін айтты.

«Бұл регламент қазіргі заңнамалық тәртіптерге қарағанда ауқымды құжат болады және депутаттық сауалдарды жолдау тәртібі, үкіметпен өзара байланыс, жұмыс топтарының қызметі, бірлескен отырыстарды өткізу тәртібі сияқты барлық процедураны егжей-тегжейлі реттейді. Регламентте сондай-ақ отырыстарға қатысатын лауазымды тұлғалардың деңгейі, министрлер мен ведомство басшыларының есеп беру тәртібі, комитеттер мен жұмыс топтарының өзара әрекеттесу механизмі нақты көрсетіледі. Жалпы алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер заң шығару процесін жүйелендіріп, депутаттардың өкілеттігін нақтылап, мемлекеттік органдармен өзара жұмыстың ашық әрі тиімді моделін қалыптастыруға бағытталған», – деді депутат.