«Сөмкемде тапанша бар»: Атырауда жолаушы ұшаққа мінер сәтте жұртты шошытты

Автор: Асыл Арман

Оқиға Атырау халықаралық әуежайында «Атырау-Шымкент» рейсіне тіркелу кезінде болған

Фото: t.me/Atyrau.today

Түркістан облысының 34 жастағы тұрғыны тексеру кезінде әуежай қызметкерлеріне сөмкесінде тапанша бар екенін айтқан. Осыдан кейін ер адам дереу №788 рейстен шығарылып, тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, хабарлама жалған болып шықты, бірақ жолаушыға бәрібір заң бойынша жауапқа тартылды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, материалдар Атыраудың мамандандырылған әкімшілік сотына жіберіліп қойды.

Көліктегі полиция департаменті әуежайда ықтимал қару-жарақ, жарылғыш заттар немесе басқа да қауіпті заттар туралы кез келген мәлімдеме қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қарастырылатынын және соңы ауыр салдарға әкеп соқтыратынын ескертті.