Құжатта президентті сайлау рәсімі, ант беру тәртібі және өкілеттік мерзіміне қатысты нормалар нақтыланған
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының жобасы үстіміздегі жылдың 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес әзірленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжат Президенттің мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп әрі кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретіндегі рөлін бекітеді. Сонымен қатар Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып қала береді.
Кезектен тыс сайлау институтының алынып тасталуына байланысты президентті сайлау рәсімі, ант беру тәртібі және өкілеттік мерзіміне қатысты нормалар нақтыланған.
Заңның негізгі нормаларына сәйкес, президент Бас Прокурорды, Конституциялық Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық Банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке өзі тағайындайды. Сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы бойынша Жоғарғы Сот төрағасын тағайындау құқығына ие болады.
Ал Құрылтайдың келісімімен Президент Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін және Жоғарғы Сот судьяларын тағайындап, сайлайды.
Бұдан бөлек, заңда Қазақстан Республикасының Вице-Президенті институты енгізіліп, оның құқықтық мәртебесі айқындалған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жүргізеді.
Құжатта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері де бекітілген. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ұйымның құрамын бекітіп, оның қызметіне қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Президенттің Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты өкілеттіктерін реттейтін норма енгізілген.
Заңда мемлекеттік билік субъектілері арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажырату тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтіп, функциялардың қайталануына жол бермейтіні және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыратыны атап өтілген.