Алматыдағы клубтардың бірінде жартылай жалаңаштанған әнші аузына келген сөздерді айтты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жартылай жалаңаш әртіс бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды

Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы клубтардың бірінде жартылай жалаңаштанған әнші аузына келген сөздерді айтып, жұрттың мазасын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қоғамдық тәртіптің бұзылғанын Полиция департаменті анықтап, әншіні жауапқа тартты.

«Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері өзін әнші ретінде таныстырған азаматтың ойын-сауық мекемесінде жартылай жалаңаш күйде әдепсіз әрекеттер жасап, былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтады. Сонымен қатар ол өз әрекетін бейнежазбаға түсіріп, кейін әлеуметтік желілерде жариялаған. Аталған құқық бұзушылық дерегі бойынша азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Ұсақ бұзақылық» бабы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен оған 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Алматы қаласы Полиция департаментінде мұндай әрекеттердің қоғамға деген ашық құрметсіздік көрінісі екені атап өтілді. Азаматтың танымалдығы мен мәртебесіне қарамастан, әрбір адам қоғамдық орындарда заң талаптары мен әдеп нормаларын сақтауға міндетті.

«Эпатаж, арандатушылық және құқықтық тәртіпті әдейі бұзу арқылы назар аударуға бағытталған кез келген әрекетке қатаң құқықтық баға беріледі. Жазаның бұлтартпастығы қағидаты өзгермейді: заңға қайшы кез келген әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады», – дейді тәртіп сақшылары.