Қазақстанда 215 мыңнан аса түлек мектеп бітіру кешін мейрамханада дүркіретіп өткізе алмайтын болды

Автор: Асыл Арман

Қазақстан мектептерінде 2025-2026 оқу жылының қорытындысы жарияланды

Фото: istockphoto.com

Еліміздің барлық мектебінде 2025-2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері. Олардың мектеп бітіру кешін мейрамханада атап өтуіне тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан астам оқушыны құрайды. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етіп жүр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазіргі таңда бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.

«Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады», – делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.

Бірлескен бұйрық білім алушылар арасында мектеп бітіру іс-шараларын өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайтуды көздейді.