Қазір өңірде бірнеше ірі жоба қолға алынған
Ақмола облысында ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыс кейінгі жылдары қарқын алған. Өңірде әсіресе ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды жаңартуға басымдық беріліп отыр. Жаңа су желілері тартылып, кешенді блок-модульдер орнатылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы өңірдегі 36 ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Тағы 42 елді мекенге суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылған.
Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Мәселен, 2023 жылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне 12 ауыл қосылса, 2024 жылы олардың саны 14 болған.
Қазір облыстағы 573 ауылдық елді мекеннің 444-інде орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар. Бұл – 92,3 пайыз. Ал 120 ауыл кешенді блок-модуль арқылы ауыз су пайдаланып отыр. Тоғыз ауыл құдық пен жеке ұңғыма суын қолданады.
Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Жүнісовтің айтуынша, өңірде ауыз су сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде.
«Соңғы жылдары облыста ауыз сумен қамту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл ондаған ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бірқатар елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылды. Қазір жаңа желі тартумен қатар қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту жұмысы да қатар жүріп жатыр. Халық саны өсіп жатқан елді мекендердегі жүктеме де жыл сайын артып келеді», – дейді Марат Жүнісов.
Одан бөлек, биыл облыста бірнеше ірі жоба аяқталған. Олардың қатарында Көкшетау қаласындағы су тазарту құрылыстарын кеңейту, Қосшы қаласындағы су желілерінің төртінші кезеңі, Макинск қаласындағы су құбырларын жаңарту және Державинск қаласының сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау бар.
Жалпы 2025 жылы төрт қала мен 36 ауылда су құбыры құрылысы аяқталып, тағы 20 ауылда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.
Қазір өңірде бірнеше ірі жоба жалғасып жатыр. Оның ішінде Щучинск қаласының су бұру желілерін жаңарту, Степногорск бағытындағы магистральдық су құбырларын реконструкциялау, Астрахан, Есіл, Зеренді аудандарындағы ауылдардың сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жұмыстары бар.
«Қазіргі таңда облыста бірнеше ірі жоба қатар жүзеге асырылып жатыр. Олардың арасында магистральдық су құбырларын жаңарту, су тазарту нысандарын реконструкциялау және ауылішілік желілер салу жұмыстары бар. Кейбір елді мекендердің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Алдағы жылдары бұл жобалар кезең-кезеңімен іске асырылады», – дейді Марат Жүнісов.
Басқарма мәліметіне сәйкес, 2026 жылы сумен жабдықтау сапасын жақсартуға бағытталған тоғыз жоба іске асырылып жатыр. Оның жетеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, өңірде ауыз су инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Негізгі мақсат – тұрғындарды сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету.