Қарағандыда бозбала аулада ойнап жүрген 8 жасар баланы пышақпен қуалаған

Автор: Асыл Арман

Жасөспірім ата-анасымен бірге полицияға жеткізілді

Фото: istockphoto.com

Қарағандыда 12 жасар бала тұрғын үйдің ауласында 8 жасар баланы пышақпен қуалаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 мамырда полиция бөлімінің кезекші бөліміне тұрғын үйдің ауласында белгісіз жасөспірімнің баланы пышақпен қуалап жүргені туралы қоңырау түскен.

Тексеру барысында белгілі болғандай, 8 жасар бала үйіне қайтып бара жатқанда, оның соңынан қолына пышақ ұстаған 12 жасар жасөспірім жүгірген. Кәмелетке толмаған екі бала да көрші болып шықты.

Полиция жасөспірімді жедел тауып, оны ата-анасымен бірге бөлімшеге жеткізді.

«Полиция қызметкерлері жасөспірімді жедел анықтады. Кәмелетке толмаған бала заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Жасөспіріммен және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сондай-ақ психологтың қатысуымен кәмелетке толмаған екі баламен де тиісті жұмыс жүргізілді. Қазіргі уақытта балалардың заңды өкілдерінің бір-біріне талап-арыздары жоқ», – деп хабарлады құқық қорғау органдары.