Көмір бағасын негізсіз қымбаттатқан: «Қаражыра» компаниясы монополиялық әрекеті үшін 87,4 млн теңге төлейді

Автор: Асыл Арман

Оның ішіне 52,4 млн теңге – айыппұл, 35 млн теңге – монополиялық табысты тәркілеу

Фото: istockphoto.com

Абай облысында көмір бағасын негізсіз қымбаттатты деген күдікпен «Қаражыра» компаниясына қатысты тергеу аяқталып, сот монополиялық жоғары баға белгілеу дерегін растады. Нәтижесінде кәсіпорынға ондаған миллион теңге айыппұл салынып, заңсыз алынған табыс мемлекет кірісіне өндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысында «Қаражыра» компаниясына қатысты тергеп-тексеруді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өткізді.

«Тергеп-тексеру барысында коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме саудасында монополиялық жоғары баға белгілеу фактісі анықталды. Атап айтқанда, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында компания коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме сауда нарығында үстем жағдайға ие бола отырып, аталған тауарға монополиялық жоғары баға белгілеп, өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланған. Бұл әрекет бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жатады. Тергеп-тексеру материалдары негізінде әкімшілік іс қозғалды. Семей қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданылған шаралардың жалпы сомасы 87,4 млн теңгені құрады, оның ішіне 52,4 млн теңге көлемінде айыппұл және 35 млн теңге көлеміндегі монополиялық табысты тәркілеу кірді», – делінген агенттік хабарламасында.

Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енді. Әкімшілік айыппұл ерікті түрде төленді, ал монополиялық табыс толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді.

Сондай-ақ, Департамент монополияға қарсы заңнама нормаларын бұзудың салдарын жою туралы нұсқама шығарды, ол «Қаражыра» АҚ тарапынан толық орындалды.

Аталған шаралар алдағы уақытта баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұтынушылардың мүдделерін қорғауға бағытталған.