Жер сілкінген кезде, 13 тұрғын үй зақымданған
Қытайдың Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында магнитудасы 5,2 болатын жер сілкінісінен кейін 7 мыңнан астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Report агенттігінің Nanfang ribao басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, үш адам із-түзсіз жоғалған.
Жерасты дүмпулері салдарынан кемінде 13 тұрғын үй қатты зақымданған. Төрт адам ауруханаға түсті. Оқиға орнында құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр, іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр.
ҚХР Сейсмологиялық басқармасы жер сілкінісіне байланысты төтенше әрекет етудің үшінші деңгейін жариялады. Елде жалпы төрт деңгейлі жүйе қолданылады, оның ішінде бірінші деңгей – ең жоғарысы.
Жер сілкінісі 18 мамырға қараған түні болған. Оның эпицентрі Лючжоу қалалық округіне қарасты Люнань ауданында орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 8 шақырым тереңдікте тіркелген. Лючжоу қаласында 4 миллионнан астам адам тұрады.