Павлодарлықтарды жалған коттеджбен алдаған алаяқ түрмеде отырған болып шықты

Автор: Алмас Ерсін

Ер адамға өтелмеген жазасының үстіне тағы төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Фото: Жасанды интеллект иллюстрациясы

Өскемендегі колонияда отырған 24 жастағы азамат Павлодар мен Бұқтырма кентіндегі жалған тұрғын үй жалдау хабарландырулары арқылы жасалған алаяқтық әрекеттері үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy irbistv.kz-ке сілтеме жасап.

Сот деректеріне сәйкес, ер адам №73 түзеу мекемесінде отырып, 2025 жылдың сәуірі мен маусымы аралығында интернетке коттедждерді тәулікпен жалға беру туралы хабарландырулар жариялаған. Жалға беру құны 20 мыңнан 80 мың теңгеге дейін болған.

Хабарласқан азаматтарға үй бос екені айтылып, кейін көрсетілген есепшотқа алдын ала төлем жіберу сұралған. Ақша түскен соң алаяқ байланысқа шықпай қойған. Кейін аталған үйлердің мүлде жоқ екені анықталған.

Іс бойынша жалпы 30 алаяқтық эпизоды тіркелген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 800 мың теңгені құрады.

Сотталушы кінәсін мойындамағанымен, Павлодар қаласының ауданаралық соты жиналған дәлелдерді жеткілікті деп таныған. Бұған дейін алаяқтық, тонау және ұрлық үшін сотталған ер адамға алдыңғы үкім бойынша өтелмеген мерзімнің үстіне тағы төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді.