Арнұр Артықбайдың жобасы онкологиялық ауруларды ерте және дәл анықтауға бағытталған
АҚШ-тың Финикс қаласында өткен Regeneron ISEF 2026 Бүкіләлемдік ғылыми-инженерлік көрмесінде қазақстандық оқушы үздіктер қатарынан көрінді. Жас дарын жасанды интеллект технологиясын медицина саласына енгізудегі жетістігі үшін халықаралық сыйлықтарға ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл әлемдегі ең беделді ғылыми сайыстардың біріне 60-тан астам елден 1700-ге жуық жас зерттеуші қатысты. Қазақстан атынан халықаралық аренада 7 оқушы 5 ғылыми жобаны қорғады.
Байқау қорытындысы бойынша Тараз қаласындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Арнұр Артықбай арнайы марапаттарды жеңіп алды. Арнұр Артықбай жарысқа «Машиналық оқыту негізінде қатерлі ісіктерді автоматты түрде анықтау жүйесі» атты ғылыми жобасын ұсынды. Жоба жасанды интеллект көмегімен онкологиялық ауруларды ерте және дәл анықтауға бағытталған.
Жоғары бағаланған ғылыми жұмыс үшін Тараз қаласынан шыққан оқушыға бірқатар марапат табысталды. Атап айтқанда, MAWHIBA Foundation тарапынан 400 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Сонымен қатар, Сауд Арабиясындағы King Fahd University of Petroleum and Minerals-не толық білім беру гранты тағайындалды.
Regeneron ISEF — мектеп оқушыларының ғылыми-инженерлік жобаларына арналған әлемдегі ең ірі әрі беделді алаң. Қазақстан бұл жаһандық байқауға 1999 жылдан бері ұлттық серіктес ретінде қатысып келеді. Ал осы сыйлықты табыстаған MAWHIBA қоры — дарынды балаларды қолдайтын Сауд Арабиясының халықаралық ұйымы.