Абай облысында Алакөлдегі жазғы туристік маусымға дайындық күшейтілді

Автор: Дәулет Ботагөз

20 маусымда шомылу маусымының салтанатты ашылуы өтеді

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Қабанбай ауылында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Алакөл көлінің жағалауында туристік кластерді дамыту мәселелеріне арналған көшпелі кеңес өтті. Жиынға Мақаншы ауданының әкімі, облыстық басқармалар мен жауапты мекеме басшылары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқосуда инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздік шараларын күшейту, инженерлік желілерді жаңғырту, абаттандыру, цифрландыру және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Қазіргі уақытта жағалауда жазғы маусымға дайындық қызу жүріп жатыр. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 5 000 метр өзгермелі қоршау орнату жоспарланған. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында бейнебақылау камераларының саны 223-ке жеткізіледі (оның 115-і қазір орнатылуда). Жағалау дрондар арқылы да бақыланады.

Сонымен қатар, демалыс орнында бірқатар инфрақұрылымдық нысанның құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, құтқару станциясы іске қосылып, өрт депосының құрылысы басталған. Су транспорты үшін арнайы тұрақ орны белгіленген. Бұдан бөлек, жарықтандыру желілері жаңартылып, арбат пен саябақ аумағы абаттандырылуда, сондай-ақ спорт алаңдары салынып жатыр. Жағалау бойында 25 санитарлық торап, 35 душ кабинасы, 40 киім ауыстыратын орын, 15 ауыз су бұрқағы және 100 қоқыс контейнері орнатылған. Қатты тұрмыстық қалдықтар тәулігіне екі рет шығарылып отырады.

Туристерге қолайлы болу үшін байланыс сапасын арттыратын антенналық мұнаралар мен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Сонымен қатар, «Abai Travel» мобильді қосымшасы мен VizitAbai.kz сайты жұмыс істейді. Жағажайларда мүмкіндігі шектеулі жандарға да тиісті жағдай жасалған.

Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл Алакөлде туристердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін ауқымды мәдени және спорттық шаралар өткізіледі.

20 маусымда шомылу маусымының салтанатты ашылуы өтеді. Одан кейін әр демалыс сайын аудандардың мәдениет күндері, жәрмеңкелер, «Абай жұлдыздары» мерекелік жобасы, этноконцерттер және республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады. Маусымның жабылуы кавер-шоумен қорытындыланбақ.

Сондай-ақ, өңірде жетекшілік ететін «Visit Abai» туристік-ақпараттық орталығы құрылып, оның директоры болып Серік Байжасаров тағайындалды.

Демалушылардың тасымалын жеңілдету үшін Үржар әуежайынан «Qazaq Air» және «SCAT Airlines» әуе компаниялары тұрақты түрде аптасына 7 рейске дейін ұшатын болады. Қазіргі уақытта әуежайда құны 6,8 млрд теңге болатын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұнымен қоса, «Жалаңашкөл» теміржол вокзалын модернизациялау жұмыстары жалғасуда.

Облыс әкімі Берік Уәли барлық жауапты құрылымға уақыт созбай, дайындықты жоғары деңгейде аяқтауды тапсырды.