Hyundai маркалы көліктің 66 жастағы жүргізушісі тізгінді басқара алмай қалған
Алматы облысының Түрген шатқалында жол апаты болды. Автокөлік жол жиегінен шығып кетіп, аударылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 14 мамыр күні сағат 13:30 шамасында болған. Тәртіп сақшылары жол апатының себебін анықтады. Мәліметке сәйкес, Hyundai маркалы көліктің 66 жастағы жүргізушісі Түрген – Асы тас жолында артқа қарай қозғалыс жасаған. Маневр барысында ол көлікті басқара алмай қалған. Соның салдарынан автокөлік жол жиегіне шығып кетіп, аударылған.
Жол апаты салдарынан автокөлік ішінде болған жолаушы зардап шекті. Ол денесінің түрлі тұсынан алған жарақаттарымен дереу жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта дәрігерлер оған қажетті көмек көрсетіп жатыр.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері апаттың мән-жайын анықтау мақсатында процессуалдық тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады», — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Сонымен қатар, ереже бұзған 66 жастағы жүргізуші Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.