Отандастарымыз сегіз алтын, үш күміс және бес қола медаль жеңіп алды
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында бокстан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынына 16 медаль салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шаршы алаңда ел намысын қорғаған спортшыларымыз жалпы есепте 8 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.
Ташкенттің шаршы алаңында қарсылас шақ келтірмей, Азия чемпионы атағын иеленген спортшыларымыздың есімдері белгілі болды. Олардың қатарында ұлдар да, қыздар да бар. Атап айтқанда, 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрасыл Ғалым және Хатшепсут Садвакасова, 60 келіге дейінгі санатта Әмір Мұхит пен Аяулым Оспанова бар. 75 келіге дейінгі салмақта Диана Надырбек, ал 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әлібек Алпамыс пен Жансая Ержан сынға түсті. Ал 80 келіден жоғары санатта Сабыржан Сағым бақ сынаған.
Шешуші бәсекеде құрлық біріншілігінің күміс жүлдесіне ие болған боксшылар: Балым Ғабитқызы (60 келіге дейін), Мейіржан Жүніс (63 келіге дейін) және Ислам Сүлейманоғлы (66 келіге дейін).
Сонымен қатар жартылай финалға дейін жетіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған спортшылар тобы: Милана Иншина (46 келіге дейін), Бекхан Оразбай (52 келіге дейін), Нұрислам Оңалбек (57 келіге дейін), Розалия Вайдеман (57 келіге дейін) және Айлин Ходжамбердиева (70 келіге дейін).