Үкімет жыл сайын «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы есеп беріп отырады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайту мақсатында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Ауқымды құжат шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жаңа мемлекеттік бағыттарды айқындап берді.
Жарлыққа сәйкес, мәдениет, білім беру және инновациялар салаларында бірқатар негізгі міндет айқындалған. Атап айтқанда, кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру көзделеді. Сонымен қатар, цифрлық құралдарды кеңінен пайдалана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту жоспарланған.
Өскелең ұрпақты Конституция қағидаттарын құрметтеу рухында тәрбиелеу мақсатында отандық жазушылар мен ақындарды қолдау шаралары да қарастырылған. Бұдан бөлек, баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметін ынталандыру көзделеді. Сондай-ақ ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде жүйелі түрде насихаттау міндеті жүктелген.
Қазақстан Республикасының Үкіметіне халық арасында кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру және оқырман инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірнеше ауқымды жобаны уақытылы жүзеге асыру тапсырылды.
Құжатта бекітілген нақты мерзімдер мен негізгі жоспарлар айқын көрсетілген. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыруға кірісу көзделген. Сонымен қатар, 2026 жылдың соңына дейін жасанды интеллектіні дамыту үрдістерін ескере отырып, 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын бекіту жоспарланған.
Ал 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу, кітап оқуды дамытуға арналған Ұлттық сыйлықты тағайындау және бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру міндеті қойылған.
Үкімет жыл сайын «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне арнайы есеп беріп отырады.
Жарлық ресми түрде қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізілді.