Марқұмның артында екі кішкентай баласы қалғаны белгілі болды
Талдықорған қаласында жолаушылар автобусының қатысуымен адам өліміне әкеп соққан қайғылы жол апаты болды. Салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, қайғылы жағдай 15 мамыр күні болған. Исмаил есімді жүргізуші тізгіндеген «Isuzu» маркалы жолаушылар автобусы Н. Назарбаев көшесімен келе жатып, жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан зардап шегуші жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында көз жұмды. Артында екі кішкентай баласы қалғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша құзырлы органдар іске кірісті. Тәртіп сақшылары аталған жағдай бойынша бірқатар шара қабылданғанын хабарлады. Атап айтқанда, жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қоғамдық көлік арнайы айып тұрағына жеткізілген. Сондай-ақ күдікті ретінде танылған автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етілмейді», — деп атап өтті мекеме өкілдері.
Марқұмның туыстары әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындарына үндеу тастады. Олар апаттың нақты қалай болғанын анықтау және тергеуге көмектесу үшін оқиғаға куә болған жандардан көмек сұрап отыр. Жақындары сол маңнан өткен көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған бейнежазбалар немесе фотосуреттер болса, бөлісуді өтінеді.