Алматы мен тағы үш қалада ауа сапасы нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

Синоптиктер далаға аз шығуды ұсынды

Фото: © istockphoto.com

16 мамырда Қазақстанның төрт бірдей ірі қаласында дем алу қиындауы мүмкін. «Казгидромет» синоптиктері Алматы, Қарағанды, Теміртау және түнде Астана қаласында ауаның ластану деңгейі көтерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Мамандардың айтуынша, бұған қолайсыз метеорологиялық жағдайлар себеп болады. Яғни, қалаларда желсіз штиль орнап, тұман немесе ауа инверсиясы қалыптасады. Мұндай кезде көліктерден шығатын пайдаланылған газ бен өндіріс түтіні жоғарыға ұшпай, жерге жақын қабатта жиналып қалады. Салдарынан қаланы қалың көк түтін мен ыс басады.

Мұндай күндері дәрігерлер мен синоптиктер сыртта, әсіресе үлкен автожолдардың маңында ұзақ жүрмеуді ұсынады. Ал демікпесі бар, жүрек-қан тамырлары ауыратын немесе аллергиясы бар жандарға көшеге шыққанда өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмегін ала жүруі керек.