Павлодарда қоқыс полигоны алапат отқа оранды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Өрттің жалпы аумағы 3 гектарға дейін жетті

Фото: Видеодан скрин

Павлодарда қоқыс полигоны алапат өртенді. Өрт сөндірушілер өртті оқшалаулап үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ТЖД мәліметінше, 14 мамыр күні сағат 21:18-де «101» пультіне қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

«Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел түрде жіберіліп, шамамен 3 гектар аумақтағы өрт бойынша сөндіру жұмыстары жүргізілді. Сағат 01:07-де өрт оқшауланды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің таралу қаупі жоқ. Оқиға орнында ТЖД, ЖШС және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Барлығы 55 адам және 35 техника бірлігі тартылған», – делінген хабарламада.

Қалдықтарды жинақтау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін полигонға жауапты ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды.