Астананың кептелісін реттеу үшін арнайы орталық құрылады – Жайымбетов елорда туралы заңның жаңалықтарын атады

Автор: Аягөз Құрмаш

Астана әкімдігі мен мәслихатының қызметі оңтайланбақ

Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Астана әкімдігі мен мәслихаттарға қандай құзырет берілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Халыққа қолайсыздық тудырмау үшін алдын ала жолдарды салу, инфрақұрылымды жоспарлау мәселесі бүгінгі заң жобасында қаралды. Яғни ерекше мәртебеге байланысты нормалар осы конституциялық заң жобасында қамтылып отыр. Мысалы, Астана қаласында арнайы төрт мекеме құрылып отыр. Соның бірі жол жүрісін ұйымдастыру орталығы, мұндай орган басқа қалаларда жоқ. Ол жол қозғалысын басқару, көлік ағынын реттеу сияқты функцияларды атқарады. Сондай-ақ, Астанадағы орманды-саябақ аймақтарына қатысты бөлек тәртіп енеді. Ол жерде серуендеу, қоқыс тастау, өрт қауіпсіздігі сияқты талаптар қатаң реттеледі. Сонымен қатар өзге де құқық бұзушылықтарға жауапкершілік қарастырылған», – деді Жайымбетов.

Депутат атағандай, қала құрылысына қатысты мәселелер де кеңінен қамтылған, қасбеттерді жөндеу, шатырларды жаңарту, тұрғындармен келісу тәртібі бәрі осы заң аясында реттеледі.

«Басқа өңірлерде мұндай деңгейде, конституциялық заңмен бекітілген ерекше реттеу тетіктері жоқ. Астана мәслихатына келсек, олардың функциялары оңтайландырылып, 23 қызмет қысқартылған. Оның бір бөлігі мәслихаттан алынып, шамамен 20 қызмет әкімдікке берілген.Мәслихаттың негізгі міндеттері – әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын бекіту, қаланың болашақ даму бағытын айқындау сияқты стратегиялық шешімдер.  Ал әкімдікке көбірек атқарушылық функциялар берілген. Олардың қатарында жол қозғалысын ұйымдастыру, орманды-саябақ аймақтарын басқару, цифрлық сервистерді енгізу, бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру және дизайн-код талаптарын орындау сияқты міндеттер бар.Осылайша, Астананың басқару жүйесі жаңаша форматта бөлініп, функциялар нақты жүйеленіп отыр», – деді Мархабат Жайымбетов.

Парламент бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын мақұлдады.