«Халық барған сайын азайып жатыр»: Қазақстанда мәртебесіне қарай 28 кент ауылға айналуы мүмкін

Автор: Аягөз Құрмаш

Конституциялық заң қабылданса, аудан мен ауылдарға қатысты талап өзгереді

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескенідров Парламент бірінші оқылымда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобасын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Облыс орталықтарында аудандарды құруға қатысты нормалар бар. Мысалы, былтыр Тараз қаласының тұрғындары 400 мыңнан асқаннан кейін қалада екі аудан құрылды: Әулиеата және Жібек жолы. Әр ауданда кемінде 200 мыңнан астам халық болуы керек  деген талап бар. Осындай нормалар облыс орталықтарында қалалық аудандарды ашу жөніндегі ережелерде қарастырылған», – деді Ескендіров.

Депутат аумақтық даму бойынша нақты мысалдар бар екенін айтты. Қазір қай өңірді дамыту керек, қай жерде қандай жаңашылдық енеді деген мәселелер қарастырылып жатыр.

«Мысалы, кенттердегі халық санына қатысты бұрынғы 3 мың адам талабы 500 адамға дейін төмендеді. Бұл өзгеріс экономикалық жағдай мен қаржыландыру мүмкіндіктеріне байланысты жасалды. Сондай-ақ, 28 кентті ауылдық санатқа ауыстыру мәселесі де қарастырылып жатыр. Қазір елімізде облыс, аудан, аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, кент және ауыл сияқты әкімшілік бірліктер бар.Әрқайсысының өзіне тән халық санына қатысты талаптары бар. Мысалы, кейбір жерде 50 адам, кей жерде 500 адам сияқты шектер белгіленеді», – дейді Мұқаш Ескендіров.

Депутат аудандық маңызы бар қалалар үшін 50 мың адамдық шек бар, оның ішінде тарихи ерекшелігі бар қалалар да ескеріледі дейді.

«Қазір көп ауылдарда халық саны азайып жатыр. Кей жерлерде ауылдарда 50 адамнан да аз қалып отыр. Бұл үлкен проблема. Сондықтан ауылдарды жабу мәселесіне мен өз басым қарсы болар едім. Егер ауылда 10–20 адам ғана қалса, оларды басқа ауылдарға тіркеу сияқты шешімдер қарастырылуы мүмкін. Бұл жерде үкімет пен өңір әкімдіктері жүйелі түрде жұмыс істеуі керек. Инфрақұрылым, мектеп, жол сияқты мәселелер де бар. Менің ойымша, бұл конституциялық заң жобасы қабылданғаннан кейін барлық нормалар бекітіледі. Екінші оқылымнан кейін үкімет пен өңірлік билік нақты іске кіріседі», –дейді депутат.