Ол осы қылмысы үшін 5 жылға сотталып кетті
Павлодарда аялдамада тұрған бойжеткенді зорламақ болып, шабуыл жасаған ер адам сотталып кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі irbistv.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ер адам 2025 жылдың қараша айында мас күйде Қамзин көшесіндегі «Тубдиспансер» аялдамасының маңынан өтіп бара жатқан. Сол жерде құрбысын күтіп тұрған жас қызды байқап, алдымен одан Дачный шағынауданына қалай баруға болатынын сұраған. Кейін әңгімеге тартуға тырысқанымен, ары қарай өрби қоймаған.
Содан кейін күдікті павлодарлық бойжеткенді белінен қатты ұстап, бұталардың арасына қарай сүйреп әкеткен. Сол жерде қыз баланың шалбарын шешуге әрекет жасап, қорқытып, телефонын лақтырып жіберген. Дәл осы сәтте құрбысы келіп қалып, оны таппаған соң оған қоңырау шала бастаған.
«Ол қызды әдейі зорламақ болған, өйткені жәбірленуші оған ақша, телефон және не қаласа соны беруге дайын екенін айтқан. Сол кезде қыздың бір құлағында құлаққап болған, ол телефонына әрең жетіп, құрбысының қоңырауына жауап берген. Құрбысы оның қатты дауысын естіп, жанына жүгіріп жетіп, айқайлай бастаған. Осыдан кейін ол қорқып кетіп, қыздың үстінен тұрып, оқиға орнынан қашып кеткен», – делінген сот үкімінде.
Ер адам оқиғадан кейін Алматыға қашып кеткенімен, кейін ұсталып, оған зорлауға оқталу бабы бойынша айып тағылған. Сотта ол кінәсін толық мойындады. Нәтижесінде оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сот оның әрекетін қылмыстың қайталануы деп танып, моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге төлеуге міндеттеді.