Депутат бұл сала соңғы жылдары қалай жүйеленгенін айтқан
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов геральдикалық жүйе мен ведомстволық наградаларды реттеу жұмыстарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары бұл салада жүйелеу жұмыстары жүріп, ведомстволық наградалардың саны қысқарып, бірыңғай тәртіпке келіп жатыр.
«Ағын азайып жатқан жоқ, керісінше, біз бір нәрсені нақты айтуымыз керек. Мысалы, мен геральдикалық арнайы комиссияның мүшесімін. Сол комиссияның аясында ведомстволық наградаларда шашыраңқылық болды, жүйесіздік болды. Соңғы бір-екі жылдың ішінде бұл бағытта жүйелеу жұмыстары жүріп жатыр. Көптеген ведомстволық наградалар қысқарды. Қазір олардың тізбесі де реттеліп келеді. Кімге берілді, қашан берілді, не үшін берілді деген мәліметтердің бәрі бір ізге түсіп жатыр», – деді ол.
Аймағамбетовтің айтуынша, бұрын мұндай бірыңғай база болмаған, ал қазір барлық мәліметтер жүйеленіп жатыр.
«Бұған дейін мұндай бірыңғай тізім болған жоқ. Сондықтан қазір осы комиссия аясында барлық мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беріліп, салан жүйеленіп жатыр», – деді депутат.
Сонымен қатар ол бұл бағыттағы жұмыстың кешігу себептеріне де тоқталды.
«Мұнда шұғыл мәселе жоқ. Бұл тақырыпты Мемлекет басшысы бұрын көтерген, содан бері біраз уақыт өтті. Сондықтан неге ұзаққа созылды деген сұрақ орынды. Заң жобасы Парламентте бірнеше рет талқыланды, депутаттар да оның неге әлі түспегенін көтерген болатын. Сондықтан бүгін, кеш болса да, бұл заң жобасы қаралып, қабылданып отыр», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, наградалар әртүрлі сала өкілдеріне беріледі.
«Бұл наградалар ғалымдарға, қоғам өкілдеріне, білім саласының қызметкерлеріне, сондай-ақ шетелдік азаматтарға да берілуі мүмкін. Сонымен қатар меценаттар мен филантроптар үшін де жақсы нормалар қарастырылған», – деді Аймағамбетов.
Ол «Мейірім» ордені бойынша да жаңа ынталандыру тетіктері қарастырылғанын атап өтті.
«Егер меценат бір жыл ішінде мектеп немесе басқа әлеуметтік нысан салса, келесі жылы тағы да сондай игі іс жасаса, оны ынталандыру тетіктері қарастырылған», – деді депутат.
Аймағамбетовтің пікірінше, бұл бағыттағы өзгерістерді тым саясиландырудың қажеті жоқ, себебі бұл көбіне заңнамалық және техникалық реттеу мәселесі. Бүгін Мәжіліс заң жобасын жұмысқа алған еді.