Маркетплейстер «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар тауарларды ілгерілетуге міндеттеледі
«Қазақстанда жасалған» таңбасына қойылатын талаптар енді тек сауда желілеріне ғана емес, онлайн-платформаларға да қолданылмақ. ҚР Сауда және интеграция министрлігі отандық тауарларды офлайн-бөлшек саудада да, электронды коммерцияда да ілгерілету талаптарын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маркетплейстер үшін қазақстандық өнімдерді іздеу нәтижелерінде басым көрсету және «Қазақстанда жасалған» арнайы бөлімдерін құру бойынша міндетті тетіктер енгізіледі. Қазіргі уақытта тиісті заңнамалық түзетулер пакеті мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өтуде. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айжан Бижанова «Сауда желілерінде «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін ілгерілету» тақырыбындағы дөңгелек үстелде мәлімдеді.
Жаңа талаптар отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сауда нысандарында қазақстандық тауарлардың үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс. Бұдан бөлек, «Даму» қорының қолдау бағдарламалары аясында сөре кеңістігінің тағы 20 пайызына дейін отандық өнімге бөлінуі мүмкін. Осылайша, қазақстандық тауарлар дүкен ассортиментінің жартысына дейін қамтуға мүмкіндік алады.
«Сонымен қатар, тұтынушының отандық өнімді көруі де маңызды. Сондықтан заңнама тек сандық көрсеткіштерге ғана емес, тауарды орналастыру сапасына да талап қояды. Отандық өндірушілердің өнімі сатып алушының көз деңгейінде, қолжетімді жерде орналасуы тиіс. Бұл – «алтын сөре». Сатып алушы ең алдымен дәл осы сөредегі тауарға назар аударады. Қазақстандық өндіруші мұндай орынға лайық деп есептеймін», - деді Айжан Бижанова.
Мұндай тәсілдердің тиімділігін Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық аналитикалық орталық жүргізген эксперимент нәтижелері де көрсетті. Magnum сауда желісімен бірлесіп, зерттеушілер қазақстандық ірімшіктерді ілгерілетуге арналған мінез-құлықтық құралдарды сынақтан өткізді. Жоба мінез-құлық ғылымы саласына маманданған британдық Behavioural Insights Team компаниясының әдіснамалық қолдауымен жүзеге асырылды.
Дүкендерде баннерлер, сөре бөлгіштері, стикерлер, сөре ленталары және «Қазақстанда жасалған» таңбасына назар аудартатын аудиохабарламалар қолданылды. Эксперимент төрт апта бойы нақты сатып алу ортасында жүргізілді.
Нәтиже халықаралық көрсеткіштерден жоғары болды. Пилоттық дүкендерде қазақстандық ірімшік сатылымы 20 пайызға артқан. Салыстырмалы түрде алғанда, әлемдік тәжірибеде мұндай мінез-құлықтық құралдардың орташа әсері шамамен 8 пайызды құрайды.
«Біз мінез-құлықтық құралдарды қазақстандық жағдайда ірімшік мысалында сынап көруді жөн көрдік. Ірімшік негізгі азық-түлік тауарларының қатарына жатады, алайда бұл сегментте импорт үлесі жоғары – 47 пайыз. Эксперименттің небәрі төрт аптасында пилоттық дүкендердегі қазақстандық ірімшік сатылымы 20 пайызға өсті. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Эксперимент нәтижесі қазақстандықтардың «экономикалық патриотизмге» дайын екенін көрсетті. Ол үшін тұтынушыға дүкенде таңдау жасауға көмектесу қажет, яғни өнімді танымал әрі көзге көрінетін ету керек», - деді Ұлттық аналитикалық орталықтың Мемлекеттік басқару және мінез-құлықтық мемлекеттік саясат орталығының директоры Салтанат Жаненова.
Министрлік талаптардың сақталуына бақылауды да күшейтпек. Заңнама талаптарының бұзылуы туралы шағымдар жоспардан тыс тексерулер жүргізуге негіз бола алады. Отандық тауарлардың сауда желілеріне қолжетімділігін шектеу, нұсқамаларды орындамау және жеткізушілермен жұмыс талаптарын бұзу фактілері үшін айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар, Сауда және интеграция министрлігі жаңа заңнамалық өзгерістер әзірлеп жатыр. Атап айтқанда, «өнімсіз делдал» ұғымын енгізу, сауда кедергілеріне бақылауды күшейту және бос сауда орындары болған жағдайда отандық өндірушілерге сауда алаңдарына қолжетімділік беруді міндеттеу жоспарланған.