Бектенов АШМ мен әкімдерге шегірткеге қарсы күресті күшейтуді тапсырды

Автор: Аягөз Құрмаш

Үкімет басшысы олардың таралу болжамдарын қайта қарау керек дейді

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар маңызды тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жалпы соңғы жылдары өсімдік шаруашылығы орнықты өсім көрсетіп келеді, біздің міндетіміз – осы қарқынды сақтап қалу», – деді Олжас Бектенов.

Ол қаржыландыру рәсімдерін барынша жеңілдетіп, фермерлердің өтінімдерін жедел әрі ашық қарау қажет екенін айтты. Сондай-ақ ол шегіртке қаупіне ерекше назар аударып, зиянкестерге қарсы алдын алу және жедел әрекет ету шараларын күшейтуді тапсырды. 

«Шегірткенің таралу қаупін ескере отырып, ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірге жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, зиянкестерге қарсы профилактикалық және қорғаныс шараларын қабылдасын. Олардың таралу болжамдарын қайта қарап, шұғыл әрекет ету үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет», - деді Бектенов.

Бұдан бөлек, су тапшылығы мәселесіне де назар аударды. Оңтүстік өңірлерді сумен тұрақты қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу міндеттелді.