Ақ үй басшысы ирандық тараптың нақты қандай шарттар қойғанын ашық айтпады
АҚШ президенті Дональд Трамп соғысты тоқтату жоспарына қатысты Иран тарапынан түскен ұсыныстарды кері қайтарды. Таяу Шығыстағы шиеленіс өршіп, Ормуз бұғазындағы блокада әлемдік мұнай нарығына қысым көрсетуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
АҚШ әкімшілігі мен Иран арасындағы делдалдық қызметті атқарып отырған Пәкістан премьер-министрі Тегеранның жоспарын ресми түрде алғанын растады. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп бұл жауапқа көңілі толмайтынын ашық білдірді.
Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Маған ұнаған жоқ. Мүлдем қабылдауға келмейді» — деп жазды.
Ақ үй басшысы ирандық тараптың нақты қандай шарттар қойғанын және АҚШ-тың өз жоспарының егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ. Бейресми деректерге сүйенсек, Вашингтон ұсынған құжат Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерге жол ашатын 14 тармақтан тұратын меморандум болуы мүмкін.
Дипломатиялық текетіреске қарамастан, аймақтағы әскери-экономикалық қысым тоқтамай тұр. Қазіргі таңдағы басты түйткілдердің бірі — Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай. Иран бұл маңызды су жолын блокадада ұстап отыр, бұл әлемдік мұнай бағасының өсуіне тікелей әсер етуде. Сонымен қатар АҚШ Тегеранды өз шарттарына көндіру үшін Иран порттарына жасалған блокаданы күшейтіп жатыр. Бұдан бөлек, аймақта жүк кемелеріне жасалған шабуылдар мен пилотсыз ұшу аппараттарының соққылары да әлі тоқтамай тұр.
Мамандардың айтуынша, соғысты тоқтату туралы келіссөздерге септігін тигізуі тиіс «оқ атпау» режимі сақталып отыр. Бірақ тараптар арасындағы шағын көлемді соққылар мен өзара айыптаулар жағдайдың кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін екенін көрсетеді.