Маңғыстауда 12 жастағы баласына көлік тізгіндеткен әке жауапқа тартылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Көлік иесінің жеке басы анықталып, ол бірден бөлімшеге шақыртылды

Фото: © istockphoto.com

Маңғыстау облысында жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші анықталды. Полицейлер жол талғамайтын көлікті тізгіндеген баланың әкесін жауапқа тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңаөзен қаласында кәмелетке толмаған баланың көлік тізгінінде отырған сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің мамандары мониторинг барысында бұл заңсыздықты бірден байқаған.
Тексеріс кезінде 2014 жылы туған баланың әкесінің рұқсатымен және қатысуымен көлік басқарғаны белгілі болды. Көлік иесінің жеке басы анықталып, ол бірден бөлімшеге шақыртылды.

Тәртіп сақшылары ер адамға қатысты бірден екі бап бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-бөлігі бойынша оған 50 АЕК көлемінде, яғни 216 250 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 593-бабы бойынша 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл қарастырылған. Қазіргі уақытта жол талғамайтын көлік айып тұрағына қойылды. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттердің соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екенін қатаң ескертеді.

«Көлікті басқару тек дағдыны ғана емес, жоғары жауапкершілікті талап етеді. Рөлді балаларға сеніп тапсыру — заңды бұзу ғана емес, айналадағы адамдардың өміріне қауіп төндіру», — деп атап өтті полиция департаменті.