15 мамырда Астана қаласының әуе кеңістігінде әскери жойғыш ұшақтардың шеруі өтеді
Елорда аспанында 10 мамырдан бастап әскери авиацияның жаттығуы басталады. Бұл шаралар 15 мамырға жоспарланған салтанатты демонстрациялық ұшуға дайындық аясында жүргізілмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында 15 мамыр күні Астана қаласының әуе кеңістігінде әскери жойғыш ұшақтардың шеруі өтеді. Қорғаныс министрлігі бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.
Министрлік өкілдері жаттығу кезінде қауіпсіздік шараларының толық сақталатынын жеткізді. Мекеме таратқан мәлімдемеде ұшулар қауіпсіз биіктікте өтетіндіктен, қалада шу деңгейінің қысқа уақытқа артуы мүмкін екені айтылып, тұрғындардан бұған түсіністікпен қарау сұралған. Сондай-ақ аспаннан түрлі түсті түтін көрінсе, алаңдауға негіз жоқ екені, оның тек декоративті әсер беру үшін қолданылатыны және қоршаған ортаға зияны жоқ екені көрсетілген. Сонымен қатар барлық ұшу халықаралық талаптар мен қауіпсіздік ережелеріне қатаң сәйкес ұйымдастырылатыны хабарланған.