Кей өңірлерде ауа температурасы 3 градусқа дейін төмендейді
10 мамырға Қазақстан аумағының барлығында дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, Астанада күндіз ауа температурасы күрт төмендеп, +12…+14 °C болады. 11 мамырға қараған түні және 12 мамырға қараған түні топырақ бетінде 1–3 градусқа дейін үсік жүреді.
Алматыда таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кешке қарай қатты жаңбыр күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні кей уақытта 15–20 м/с-қа жетеді. Іле Алатауының таулы аймақтарында, соның ішінде Медеу және Бостандық аудандары маңында 10 мамыр күні жаңбыр, найзағай, кешке қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15–20 м/с болады.
Шымкентте таңертең және күндіз қатты жаңбыр жауып, найзағай болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Қызылорда облысында күндіз жаңбыр жауады, облыстың орталығы мен шығысында қатты жаңбыр күтіледі. Солтүстік, шығыс және орталық бөліктерде найзағай, бұршақ, шаңды дауыл мен қатты жел болжанып отыр. Батыс және солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15–20 м/с болады. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады, ал шығысында төтенше өрт қаупі күтіледі.
Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман түседі. Солтүстік-шығыс және шығыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Алматы облысында түнде батыс, оңтүстік және таулы аудандарда, күндіз облыс аумағында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Оңтүстік және таулы аймақтарда кей уақытта қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болады. Жел оңтүстік-батыстан батысқа, кейін солтүстік-батысқа ауысады. Облыстың солтүстігі, оңтүстігі, шығысы, орталығы мен таулы аймақтарында жел екпіні 17–22 м/с-қа жетсе, кешке шығысында 24–29 м/с болуы мүмкін. Солтүстік және шығыс бөліктерде жоғары өрт қаупі сақталады. 10–12 мамыр аралығында Іле, Күнгей және Теріскей Алатауында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауылға байланысты сел жүру қаупі бар.
Жамбыл облысының батысы, оңтүстігі, шығысы мен таулы аудандарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Түнде таулы аймақтарда қатты жаңбыр жауады, күндіз оңтүстік, шығыс және таулы бөліктерде де қатты жаңбыр күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың орталығы, солтүстігі, батысы мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қырғыз және Талас Алатауында сел жүру қаупі бар.
Ұлытау облысының шығысында түнде аздаған жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз батыс, солтүстік және шығыс бөліктерде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Облыста жоғары өрт қаупі сақталады.
Қарағанды облысының батысы, солтүстігі және шығысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Атырау облысында түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі, күндіз батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауады.
Ақтөбе облысының шығысында түнде аздаған жаңбыр мен найзағай болады. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 15–18 м/с болады. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде түнде жаңбыр мен найзағай болады, күндіз жаңбыр жалғасады. Батысы, солтүстігі және оңтүстігінде бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні кей уақытта 25 м/с-қа дейін жетеді. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде жаңбыр жауып, кей жерлерде қатты жаңбыр болады. Күндіз найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады. 10–11 мамыр аралығында Қазақстан Алтайы мен Сауыр тауларында сел жүру қаупі бар.
Абай облысының батысы, солтүстігі мен орталығында жаңбыр мен найзағай болады. Күндіз бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 23–28 м/с-қа жетеді. Облыста жоғары, ал оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысының батысы, солтүстігі, орталығы және таулы аймақтарында түнде жаңбыр мен найзағай болады. Күндіз шығысында және таулы аудандарда қатты жаңбыр, бұршақ пен дауыл күтіледі. 10–12 мамыр аралығында таулы және тау бөктеріндегі аудандарда өзендерде су деңгейі көтеріліп, кей жерлерді су басу қаупі бар.
Ақмола облысында түнде жаңбыр мен найзағай болады, күндіз облыстың оңтүстігі мен шығысында жауын-шашын жалғасады. Батысында түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні кей уақытта 23 м/с-қа дейін жетеді. Оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Қостанай облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде түнде жаңбыр мен найзағай болады. Батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі және орталығында жаңбыр, найзағай, кей уақытта қатты жаңбыр, бұршақ және тұман күтіледі. Желдің екпіні түнде шығысында 15–18 м/с болады.
Түркістан облысының оңтүстігі, батысы және таулы аймақтарында жаңбыр, найзағай күтіледі. Кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Облыстың солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. 10 мамырда Талас Алатауы мен Өгем жотасында сел жүру қаупі бар.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде жаңбыр, найзағай және дауыл болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді. 10 мамыр күні күндіз ауа температурасы күрт төмендеп, +8…+13 °C болады. 11 мамырға қараған түні облыстың шығысында, 12 мамырға қараған түні солтүстігінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. 11 мамырға қараған түні 1–6 градус үсік жүреді.