Алматыда жалған көлік нөмірлерін жасаған күдікті ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Күдікті өз кінәсін толық мойындады

Фото: © istockphoto.com

Алматы қаласында мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз дайындаумен және сатумен айналысқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Медеу аудандық прокуратурасының мәліметінше, күдікті тиісті құжаттарсыз мемлекеттік нөмірлердің көшірмелерін жасау туралы хабарландыруды белгілі сайттардың біріне жариялаған. Осы дерек негізінде полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 386-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Құқық қорғау органдары тінту жүргізу кезінде жасырын жұмыс істеп тұрған шеберхананы анықтады. Жедел іс-шаралар барысында 47 дана мемлекеттік нөмір белгісі, нөмір жасауға арналған арнайы жабдықтар және дайындау материалдары тәркіленді. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, жалған нөмірлерді интернет-ресурстар арқылы сатып келгенін растады.

Қазіргі уақытта тергеушілер істің мән-жайын және осы қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтау үстінде.