Бұршақтың көлемі тауықтың жұмыртқасындай үлкен болған
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында алапат дауыл мен бұршақ салдарынан ондаған үй мен автокөлік бүлінді. Табиғи апаттан әсіресе Жарма және Шеңбертал ауылдары қатты зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұршақ кенеттен жауып бастаған. Бұршақтың көлемі тауықтың жұмыртқасындай үлкен болған. Бұл жағдайдан кейін көшелер шатыр сынықтары мен қираған нысандарға толған.
Шеңбертал ауылындағы 100-ге жуық үйдің 80-і зардап шеккен. Бұршақ үйлердің, қора-жайлар мен шаруашылық нысандарының шатырын тесіп өткен. Артынан құйған нөсер салдарынан баспаналарды су басқан.
«Үйімнің шатыры мүлдем жарамсыз болып қалды. Қазір ішке су кіріп жатыр, ал алда әлі жаңбыр күтілуде. Билік шығынды өтеуге көмектеседі деп үміттенеміз», — дейді ауыл тұрғыны Думан Ызаш.
Жарма ауылында қатты жел мен бұршақ сегіз электр бағанын құлатқан. Салдарынан елді мекен бір тәулікке жуық уақыт бойы жарықсыз қалды. Мамандар электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта ауданда арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар шығынның нақты көлемін анықтауы тиіс. Содан кейін ғана зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі шешілетін болады.