Ол 2-2,5 жас аралығындағы бүлдіршіндерді жүйелі түрде ұрып-соғып келген
Павлодар қаласында 2-2,5 жас аралығындағы бүлдіршіндерді жүйелі түрде ұрып-соғып келген тәрбиешіге қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында сотталушының кішкентай балаларға қатысты бірнеше рет күш көрсеткені дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы тәрбиешінің бүлдіршіндерге физикалық және психологиялық зардап келтіргенін анықтады. Атап айтқанда, ол балаларды ұрып-соғып, шаштарынан жұлқылап, жерге және жан-жаққа лақтырып, күш көрсеткен.
Прокурордың ұстанымы мен бұлтартпас айғақтарды ұсынуының нәтижесінде, тәрбиешіге қатаң айып тағылды.
Сот шешімімен кінәлі тұлға 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, оған қатысты жазаны өтеуді кейінге қалдыру тетігі қолданылды. Сондай-ақ ол 3 жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Айта кетерлігі, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта тараптардың аппеляцияға беруге құқығы бар.