Түркістанда зейнеткер қомақты қаржысы мен алтындарынан айырылып қала жаздады

Автор: Дәулет Ботагөз

81 жастағы жергілікті тұрғын терминалдан зейнетақысын шешіп алып, әмиянына салған

Фото: © freepik.com

Түркістан облысының полицейлері Ордабасы ауданында 81 жастағы қарияның қомақты қаржысы мен алтын бұйымдарын тауып берді. Әмиянын жоғалтқан кейуана тәртіп сақшыларының жедел әрекетіне ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қалай болды?

81 жастағы жергілікті тұрғын терминалдан зейнетақысын шешіп алып, әмиянына салған. Ішінде 150 мың теңгеге жуық қолма-қол ақшасы және құны 1,5 миллион теңге болатын алтын бұйымдары болған. Көшедегі орындыққа демалуға отырған қария әмиянын сол жерде түсіріп алғанын байқамай қалған. Тек базарға барғанда ғана мүлкінің жоқ екенін біліп, бірден полиция көмегіне жүгінген.

Арыз түскен бойда учаскелік полиция инспекторы Жандос Сапаралы іздеу шараларына кіріскен. Ол оқиға орнындағы бейнебақылау камераларын мұқият зерттеп, әмиянды белгісіз ер адам тауып алғанын анықтады.

«Тексеру барысында әмиянның орындық жанына түсіп қалғаны, оны кейінірек бір ер адамның тауып алғаны белгілі болды. Көп ұзамай күдіктінің тұлғасы анықталып, ол көрші ауданнан табылды», — дейді маман.

Полицейдің кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында зейнеткердің барлық ақшасы мен қымбат әшекейлері аман-есен иесіне қайтарылды.