Пневматикалық және суық қаруды заңсыз сату дерегінің жолы кесілді
Алматыда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында пневматикалық және суық қару заңсыз сатылып келгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан пневматикалық қарулар партиясы, сондай-ақ суық қарулар тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция өкілдері атап өткендей, бұл – жалғыз жағдай емес. Қару-жарақтың заңсыз айналымы арналарын анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі негізде, оның ішінде интернет кеңістігін белсенді бақылау арқылы жүзеге асырылуда.
Нысаналы іс-шаралар басталғалы бері аудандық полиция бөлімшелері заңсыз айналымнан 619 бірлік тыйым салынған затты тәркіледі. Анықталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
«Қарудың заңсыз айналымы, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы сатылуы қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Әрбір мұндай құқық бұзушылық – аса ауыр қылмыстардың жасалуына әкеп соғуы мүмкін қауіп-қатер. Полиция интернет кеңістігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, жедел әрекет ету шараларын қабылдайды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады және күшейтіледі», – деп атап өтті ол.