Жолаушыларды әрі қарай жеткізу үшін Алматыдан резервтік ұшақ жіберілген
8 мамыр күні Астана – Франкфурт бағыты бойынша KC921 рейсін орындаған Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық себепке байланысты Ақтөбеге шұғыл қонды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ Астанадан 08:54-те ұшып шығып, Ақтөбеге 11:34-те қонған. Экипаж шешімді қауіпсіздік талаптарына сәйкес стандартты рәсімдер негізінде қабылдаған. Қону қалыпты режимде өткен.
Жолаушыларды әрі қарай тасымалдау үшін Алматыдан резервтік ұшақ жіберілген. Ақтөбеден ұшу 14:20-ға жоспарланған.
Компания өкілдері жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі басты басымдық екенін атап өтіп, қолайсыздық үшін кешірім сұрады.