Бейнеуде алаяқтық жасаған әйелге қатысты сот үкімі шықты
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында тұрғындарды мемлекеттік грант, автокөлік сатып алу және бухгалтерлік салаларда көмек көрсетемін деген алаяқ әйел сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Сотта белгілі болғандай, 2024-2025 жылдары 33 жастағы Бейнеу тұрғыны 20-30 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант алуға көмектесемін деген желеумен, сондай-ақ бухгалтерлік және салықтық қызметтер көрсету, автокөлік сатып алу салаларында алаяқтық жасап, ақшасын ұрлаған. Бұдан бөлек, ол көліктерді төмен бағада сатып, түскен ақшаны өз пайдасына жұмсаған.
Ақтау қалалық соты әйелді ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Алаяқтық») бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сотталған әйелдің 3 пен 10 жас аралығындағы кәмелетке толмаған 5 баласы бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 2027 жылдың 11 наурызына дейін кейінге шегерілді.
Сот 25 жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 54 875 077 теңге материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарды. Оның ішінде бір жәбірленушіге 22 миллион теңге, екіншісіне 6,5 миллион теңге, тағы біріне 3,5 миллион теңгеден астам қаржы өндіру белгіленген.
Қорғаушы тарап үкімді жеңілдетуді және бапты қайта саралауды сұрап апелляция берген. Ал жәбірленушілер сотталушыға берілген кейінге қалдыру шарасына қарсы болып, кейбірі сатылған көліктерді қайтаруды талап еткен.
Алайда апелляциялық сот алқасы Ақтау қалалық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды, ал апелляциялық шағымдар қанағаттандырылған жоқ.