Павлодар облысында балық аулауға кеткен ер адам өлі табылды

Автор: Асқарова Қарлығаш

3 мамыр күні оның жоғалғаны туралы хабар түскен

Фото: Azattyq Rýhy

Павлодар облысында балық аулауға шығып, хабарсыз кеткен ер адамның денесі каналдан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ТЖД мәліметінше, 1963 жылы туған ер адам 2 мамыр күні досымен бірге Екібастұз әкімдігіне қарасты Шиқылдақ ауылы маңындағы академик Сәтбаев атындағы каналға балық аулауға барған. Осыдан кейін ол байланысқа шықпаған.

3 мамыр күні оның жоғалғаны туралы хабар түскен.

Оқиға орнына Екібастұз қаласында орналасқан жедел-құтқару жасағы жіберілген. Құтқарушылар арнайы техника мен моторлы қайықтың көмегімен су айдынын тексеріп, жағалау бойында кинологтармен бірге іздеу жұмыстарын жүргізген.

Іздеу барысында дрон арқылы су қоймасына әуеден мониторинг жасалып, резеңке қайық табылған.

Кейін сүңгуірлер қайық маңынан, шамамен 5 метр тереңдіктен ер адамның мәйітін алып шыққан. ТЖД мәліметінше, марқұмның үстінде құтқару кеудешесі болмаған.

Құтқарушылар мәйіттің Екібастұз қаласының полициясына берілгенін хабарлады.

Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.