«Қазцинк» зауытындағы жарылысқа кінәлі тұлғалар анықталса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазір жарылысқа қатысты іс тергеліп жатыр

Фото: ТЖМ

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында «Қазцинк» зауытындағы жарылысқа кінәлі адамдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Оның айтуынша, қазіргі таңда тергеу-жедел тобы құрылып, жұмысын бастаған. Бұл топты төтенше жағдайлар министрлігі үйлестіріп отыр.

«Бұған дейін айтқанымдай, тергеу-жедел тобы төтенше жағдайлар министрлігінің жетекшілігімен жұмыс істейді. Сондықтан басқа органның атынан түсініктеме беру мен үшін орынсыз болар еді», – деді ол.

Әділовтің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Тергеу-жедел тобы тәжірибелі мамандардан жасақталған. Қазіргі уақытта 10-нан астам сот сараптамасы тағайындалған. Негізгі сараптаманың бірі – жарылыстың себебін анықтау. Техногендік процестің қатесі мен адам факторы, яғни еңбекті қорғау және қауіпсіздік ережелерін бұзу факторлары әзірге жарылысқа себеп болуы мүмкін екі нұсқа ретінде қарастырылып отыр.

«Бұл – негізгі екі нұсқа. Қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдардың, соның ішінде өнеркәсіп саласына жауапты министрліктердің мамандары жұмыс істеп жатыр. Сараптамалар мен комиссия қорытындылары тергеуге нақты бағыт береді», – деді ол.