Сараптамалар тағайындалған
Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жуырда Астанада болған қайғылы жол апатына қатысты тың ақпарат айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Құқық қорғау органдары тарапынан толыққанды тергеу жүріп жатыр, іс бақылауға алынған. Сонымен қатар, автотехникалық сараптама тағайындалды. Тергеу барысында сараптама нәтижелері негізгі дәлел ретінде қаралады. Ресми мәліметке сәйкес, түпкілікті процессуалдық шешім сараптама қорытындысына байланысты қабылданады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Жүргізуші қамалған жоқ», – деді Санжар Әділов.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада «Kia» автокөлігінің жүргізушісі Иманов көшесінің бойындағы көпқабатты үйдің ауласында ойнап жүрген бүлдіршінді қағып кеткен еді. Бүлдіршін оқиға орында көз жұмған.