Жылдамдықты 2 км/сағ асырғаны үшін айыппұл салына ма: ІІМ түсініктеме берді

Автор: Асыл Арман

Ведомство жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желіде «жылдамдықты тіркеу шегі төмендеп, енді сағатына 2 шақырымға асырудың өзіне айыппұл салынады» деген мазмұндағы бейнеролик анықталды. ІІМ мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа сай келмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство дерегінше, құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тарту тәртібі өзгерген жоқ. Бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілік белгіленген жылдамдықты сағатына 10 шақырымға және одан жоғары асырған жағдайда ғана қолданылады.

8 мамырдан бастап күшіне енетін бірлескен бұйрық тек камералардың жұмыс тәртібіне қатысты, яғни олардың өлшеу дәлдігі мен рұқсат етілген қателік шегін нақтылайды. Бұл құжат жүргізушілерге ешқандай жаңа талап енгізбейді және жауапкершілікке тарту шегіне әсер етпейді.

Осылайша «сағатына 2 шақырымға асыру үшін айыппұл салынады» деген мәлімдемелер – жалған ақпарат.

«Аталған ақпаратты таратқан тұлға анықталды. Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырамыз», – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.