Дәрігер: «Мұхтар Шахановтың жағдайы өте жақсы»

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жаңалықты оның орынбасары Құдияр Біләл жариялады

Фото: facebook

Танымал ақын, «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шаханов бірнеше күннен бері ауруханада ем алып жатыр және ақынның жағдайы жақсарған. Бұл туралы оның орынбасары Құдияр Біләл хабарлады.

«Қазір ғана Мұхтар Шаханов ағамызға жолығып қайттық. Аурухана қаланың сыртында. Ішке кіргізбейді. Мұхтар ағамызбен терезе сыртынан тілдестік. Жағдайы жақсы. Дәрігері екі-үш күнде шығарып қалатынын айтты. Сосын өз тілінде Мұхаң ауруының мөлшерлік деңгей көрсеткішін айтып шықты. Біз өз тарапымыздан «Ол қанша болуы керек еді?» деп сұрадық. Білгеніміз, Мұхаңдыкі сол қалыпты деңгей шамасында екен. Дәрігер де қазақ қой, ол да: «Әлеуметтік желіде айтылып жатқан әңгімелерді біз де естідік. Сондықтан дәрігер ретінде айтамын, Мұхтар Шахановтың жағдайы өте жақсы. Менің осы сөзімді халыққа жеткізіңіз», - деді. Мен дәрігер қарындасыма: «Мұхаңды жақындау жерден суреттке тартып беріңізші» деп өтініш жасадым. Мұхаң өзін суретке түсіретінін білгенде шашын тарақтап, реттеле бастады. Жалпы, ауруханадан осындай қуанышты көңіл ауанында қайттық. Баршаңызға рахмет, тілеулес ағайын!», - деп жазды ол.

Еске сала кетейік, 19 шілдеде әлеуметтік желілерде Мұхтар Шахановтың дүниеден өткені жайлы суық хабар тараған еді. Алайда, «Жалын» журналы бас редакторының орынбасары Құдияр Біләл бұл ақпаратты жоққа шығарып, ақынның дін аман екенін жеткізді.

«Кей ағайындар әлеуметтік желі бетінде «Мұхтар Шаханов дүниеден озыпты» деп хабар таратуда. Басын ашып айтайық, жаңсақ хабар. Ағамыз дін аман. Қазір ғана сөйлестік. Сондықтан өтірік ақпарды таратуды тоқтатайық!», - деп жазба қалдырды.