Премьер-министр барлық жұмыс уақытылы аяқталуы керек дейді
Алматыда ЖЭО-3 құрылысының мерзімі бұзылғаны анықталды. Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты жауапкершілікті қатаң атап өтіп, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Маған түскен ақпаратқа сәйкес, Алматыдағы ЖЭО-3 бойынша мерзімдердің бұзылу фактілері бар. Бұны ұмытпаған шығарсыз?! Барлығы уақытында аяқталуы тиіс. Бұл – сіздің жеке жауапкершілігіңіз», – деді Бектенов үкімет отырысында.
Сонымен қатар, премьер негізгі генерациялық нысандардың сенімділігі мәселесін көтерді.
«Өткен жылдың маусым айында Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 станцияларында жоспардан тыс жағдайлар болып, жөндеу жұмыстарының көлемі артты. Генерациялық көздер бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр?» – деп сұрады үкімет басшысы.
«Самұрық-Энерго» басқарма төрағасының айтуынша, станциялар бірнеше ондаған жыл бұрын пайдалануға берілген, бұл жабдықтардың жағдайына әсер етіп отыр.
«Самұрық-Энерго» станциялары 30–40 жыл бұрын іске қосылған, сондықтан негізгі жабдықтардың тозу деңгейі жоғары. Соған қарамастан, жөндеу жұмыстарын толық қаржыландыру мәселесін шешіп жатырмыз. Жөндеу көлемі жыл сайын артып келеді, олардың сапасына ерекше назар аударылады», – деді Мақсұтов.
Сөз соңында Бектенов негізгі энергетикалық нысандарды бақылауды күшейтіп, жоспардан тыс тоқтаулардың алдын алуды тапсырды.
«Қабылданған шаралар нәтиже беруі тиіс. Жоспардан тыс тоқтауларды азайту қажет. Екібастұз ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 – негізгі генерация көздері, сондықтан онда ешқандай іркіліс болмауы керек. Бақылауда ұстаңыздар», – деп түйіндеді ол.